Баспасөз релиздері

Өндірушілер халыққа сапалы және қолжетімді азық-түлік тауарларын ұсынуы қажет: Әлихан Смайылов Қызылорда облысының аграрийлерімен кездесті

Өндірушілер халыққа сапалы және қолжетімді азық-түлік тауарларын ұсынуы қажет: Әлихан Смайылов Қызылорда облысының аграрийлерімен кездесті

ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайылов өңірдің әлеуметтік-экономикалық даму барысымен танысып, өзекті проблемалық мәселелерді шешу және негізгі инфрақұрылымдық, өнеркәсіптік және әлеуметтік нысандарды аралау үшін жұмыс сапарымен Қызылорда облысына келді.

Әлихан Смайылов жалпы қуаты 197 мың тоннадан асатын «Orda Glass Ltd» шыны өндіру зауытының жұмысымен танысты. Кәсіпорын биылғы қазан айында «Қазақстандықтардың әл-ауқатын арттыруға бағытталған орнықты экономикалық өсу» ұлттық жобасы аясында іске қосылды. Мемлекеттік қолдау шаралары ретінде оған қажетті инженерлік инфрақұрылым (электр энергиясы, су, кәріз, газ, байланыс желісі), авто және темір жолдар жүргізілді. Қазіргі уақытта зауытта 370 адам жұмыс істейді. Өнім республиканың басқа өңірлеріне жіберіледі, экспортқа шығару жоспарда бар.

Премьер-Министр шыны зауытының іске қосылуы Қызылорда облысында ғана емес, бүкіл Қазақстан бойынша құрылыс индустриясының дамуына серпін беретінін атап өтті.

«Мұндай өндірістер құрылыс шығындарын және импортқа тәуелділікті айтарлықтай төмендетуге мүмкіндік береді. Биыл өнеркәсіпте 160 жаңа жоба іске қосылды. Үкімет өз тарапынан осындай кәсіпорындарға барлық қажетті көмек көрсетуді жалғастыруға дайын», — деді Әлихан Смайылов.

Әрі қарай Премьер-Министр қуаты жылына 33 мың тоннадан асатын «Мағжан және К» ЖШС күріш өңдеу зауытында болды. Кәсіпорын заманауи жоғары технологиялық құрал-жабдықтармен жабдықталған және бірыңғай автоматтандырылған жүйе арқылы басқарылады.

Сонымен қатар Үкімет басшысы ішкі нарыққа және ішінара экспортқа жіберілетін йодталған техникалық және ас тұзын өндіретін «Ассоль» зауытында болды. 2021 жылы компания өнімдер мен қызметтердің сапасы бойынша ҚР Президентінің «Алтын Сапа» сыйлығының жеңімпазы болып танылған.

Әлихан Смайылов Қызылорда облысының республика бойынша күріштің негізгі өндірушісі екенін (90%) және тұз өндіру бойынша да жетекші орында (97%) тұрғанын атап өтті. Биыл өңірдің АӨК саласына құйылған инвестициялары 8,5%-ға өсті, 250 жаңа жоба іске асырылып жатыр. Осы орайда, Үкімет басшының айтуынша, еліміз өзін азық-түлік тауарларымен толық қамтамасыз етуі керек. Осыған ұмтылуымыз керек.

Үкімет басшысы өңірдің ауыл шаруашылығы құрылымдарының басшыларымен кездесу өткізді. Аграрийлер саланың бірқатар мәселесін, соның ішінде суармалы сумен қамтамасыз ету және күріш өсірушілердің заманауи ауыл шаруашылығы техникасына қолжетімділігін кеңейту мәселелерін атап өтті. Әлихан Смайылов ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерді мұқият тыңдап, АӨК-тің проблемалық мәселелерін шешу Үкіметтің назарында екенін атап өтті.

«Мемлекет ауыл шаруашылығы саласына үлкен қаржылық қолдау көрсетеді. Дегенмен өндірушілер де өз тарапынан халыққа сапалы және қолжетімді азық-түлік тауарларын ұсынуы қажет», — деді Премьер-Министр.

Дереккөз: Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің ресми ақпараттық ресурсы

Қолданбасын орнатыңыз:
1) Ашыңыз сайты Safari
2) сақтау Түймешігін түртіңіз
3) Қосу экран үйге